Мектепте орамалға рұқсат бермеді деп түңілу асығыстық, дінтанушы Нұрбол Сейілбек

Соңғы жылдары Қазақстандағы діни жағдай күрделеніп барады. Бір тарапта діндар қауым, екінші тарапта тәңірші-атеистер немесе зайырлы қоғам. Екі жақта да қазір төзім таусылып-ақ тұр. Мұның түбі жақсылыққа апармасы анық. Шығыс даналығында мынадай тәмсіл бар: «Екі нәрсе өршісе, оны бақылауда ұстай алмайсың. Ол: өрт пен дау». Сондықтан бұл мәселеге салқынқандылықпен қарап, шешім іздеу керек.

Қоғамда орамал дауы күн тәртібіне шықса болды, екінің бірі кесіп пішіп, оңды-солды пікір айта беретін, Құдайға сенуді, дін ұстануды надандыққа балайтын үрдіс пайда болды. Пікір айтуға әркім де құқылы. Бірақ ынсаппен айтылғаны жөн-ақ. Неге екенін, тәңіршілер құдды бір тапсырма яки тапсырыс алғандай өз сенімдерінің насихатын бейтарап түрде емес, көбіне Исламды жамандау есебінен жүргізіп отыр. Бұл әрине мұсылман жұртшылықтың қытығына тиеді. Кез келген әрекеттің қарсы реакция туғызары – заңдылық. Енді діндар қауым да қарап қалмай, тәңіршілерге қарсы қатты сөздер айтып жатыр.

Ислам діні қазақтың дүниетанымынан, салт-санасынан ойып тұрып орын алатынын мойындау керек. Бұл тарихи факт. Мұны мойындамау – сыңарезулік немесе айттым бітті, кестім үзілді дейтін көтензорлық. Бірақ біздің дәстүрдегі жылт еткен жақсылықтың бәрі басыбүтін Ислам дінінен келді деп, ұғымдардың этимологиясын араб тілінен ғана іздей беретін біржақтылықтан да сақ болуымыз керек. Ислам келгенге дейін бізде өзімізге тән түркілік мәдениет болды. Ислам мәдениеті келіп оны одан әрмен байыта түсті десек, сөздің әділі осы болса керек.

Біздің қоғамда өзінің дінге деген жеке жеккөрушілік сезімін жалпыға таңып, дінді қоғамдық өмірден сызып тастағысы келетін азаматтар бар. Менімше, олардың радикал діндарлардан айырмасы аз. Себебі, фундаменталистер де "Қоғамдық тәртіп басынан бақайшағына дейін діннің нормаларымен реттелуі керек" деп есептейді. Исламофобиямен «ауыратын» азаматтар да қоғамды өздері қалағандай формада қалыптағысы келеді.

Екі жақты дау-дамай өркениетті жолмен жүзеге асып жатса, мұның соңы пікір алуандығы, плюрализм секілді жақсы нәтижелерге апарады деп сенуге болар еді. Ал біздегі жағдай сәл басқаша. Бірінің кемшілігін бірі теріп, жақтым күйе, жаптым жала форматында болып жатыр. Сондықтан мұның жақын болашақта зардабы ауыр болуы мүмкін.

Біз зайырлы елміз. Дін саясаттан бөлінген. Қоғамдық тәртіптің түзілуінде конституция басты назарға алынады. Ал дін ұстанатын азаматтар үшін орамал – Құранның талассыз, ашық бұйрығы. Бұл үкім «Нұр» сүресінің 31-аятына, содан соң пайғамбар сүннетіне сүйеніп бекітілген норма. Қазіргі таңда орамал Құранда бұйырылмаған деген пікір айтып жүрген зерттеушілер де бар. Бірақ бұл мәселеде Құранның бұйрығы анық ки, тарих бойы ешбір тәпсірші аталмыш аятты басқаша түсіндірмеген. Пайғамбар алейһиссалам мен сахабалар бастаған тұлғалардан бастап, дінді бүгінгі күнге дейін жеткізген мыңдаған муфәссир, мухаддис және фиқһ ғалымдары, 14 ғасырлық Ислам тарихындағы исі мұсылман қауым бірауыздан келіскен үкімді ешкім бұра тартып, бұза алмайды. Орамал – парыз.

Содан соң орамал тағып, дін ұстануды ортағасырлық надандыққа балап, төмен санау үрдісі бар біздің қоғамда. Мұндай әрекет түптеп келгенде зайырлылық принципіне қайшы. Бұл да надандықтың бір түрі. Өйткені, зайырлылықтың негізінде діннің мемлекетке, мемлекеттің де дінге араласпауы, тіпті мемлекеттің ар-ождан бостандығын қамтамасыз етуі секілді мәселелер жатыр. Сондықтан қыз баланың білім ордаларында орамал тағуы мемлекеттің зайырлы сипатына сызат түсірмейді.
Бірақ... мемлекет бір есікті ашса, екінші, үшінші, төртінші есіктерді ашуға мәжбүр болады. Ұзақ мерзімді жоспар немесе мемлекеттің тағдыры тұрғысынан қарағанда мемлекет бұл есікті әзірге ашпағаны дұрыс шығар деп ойлаймын. Өйткені дәл қазіргі біздің дін ұстау мәдениетіміз немесе дін ұстанушыларға қарсы төзімділік мәдениетіміз қалыптасып үлгермеді.

Сондықтан, мектепте орамалға рұқсат бермеді деп түңілу асығыстық дер едім. Дұрысы балаларға отбасында діни-рухани тәрбиені беріп, олардың ішкі жан дүниесін құндылыққа толтыра берсе, мектеп бітірген соң да қалаған адам өз таңдауымен таға береді ғой. Ал парыз болатын жастан бастап орамал таққысы келетін қыз балаларда екі таңдау бар: бірі – жекеменшік мектепке барады, екіншісі – орамал тағу деген парызды мектеп бітіргенше кешіктіреді. Мектепте орамалға рұқсаттың жоқтығы оларды ақтап алады. Бұл үшін олар ар алдында да, Құдай алдында да жауапты болмаса керек. Өйткені оған тосқауыл бар.
Нұрбол Сейілбек, дінтанушы