Дәстүр мен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайды - Мәулен Әшімбаев
Сенат Төрағасы «Ұлттық мүдде» диалог алаңында маңызды тақырыптарды көтерді
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Ұлттық мүдде» диалог алаңында сөйлеген сөзінде мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді сақтауға айрықша назар аудару қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз Ашаршылық тақырыбы бойынша біраз архив құжаттарын жарияладық. Бүгінге дейін жеті том жинақ әзірленді. Бұл жұмыс жалғасатын болады. Мұның бәрі – ұлттық сананы жаңғыртудың тиімді құралдары. Сондай-ақ, мәдениетіміз пен дәстүрлерімізді сақтауға да айрықша назар аударған жөн. Бұлар – біздің ұлттық ерекшелігімізді айқын көрсететін құндылықтар. Өкінішке қарай, осы асыл қазыналарымызға кейде тиісті деңгейде құрмет көрсетілмейтінін байқаймыз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар, Сенат Төрағасы қазақтың ұлттық аспабы – домбыраға тиісті құрмет көрсетілмей жүргенін тілге тиек етті.
«Домбыраға қатысты мәселелер болғанын білеміз. Шын мәнінде, домбыра тек музыкалық аспап емес. Оның күмбіріне ұлттың рухы, дүниетанымы, тарихы мен тағдыры тұтас сыйып тұр. Бұл жерде халқымыздың классик ақыны Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ – нағыз қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі еске түседі. Домбыра мен қазақтың қаншалықты егіз екенін осыдан асырып айта алмаспыз. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы өзінің осындай рухани келбеті арқылы бірегейлігін бекемдеп, тарих толқынына жұтылып кетпеген», - деді ол.
Мәулен Әшімбаев қозғаған тағы бір тақырып – дін. Сенат спикерінің пікірінше, дәстүр мен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайды.
«Ұлттық бірегейліктің тағы бір тұғыры – дін екені сөзсіз. Дәстүр мен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Халқымыз ежелден дін мен дәстүрді сабақтастыра білген. Көшпенді өркениетке тән ой еркіндігі, ашықтық, толеранттылық әртүрлі догмаларға бой ұрмауға мүмкіндік берген. Біз дін мәселесінде ата-бабамыз қалыптастырып кеткен және уақыттың сынынан өткен осы рухани жолымыздан жаңылмауымыз керек. Ұлтымыздың ұлылары Абай да, Шәкәрім де, Алаш қайраткерлері де осыған үндеген. Сондықтан, өткенге құрметпен қарау, төл мәдениет пен дәстүрді бағалау – баршамыздың қастерлі борышымыз», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.
Өз сөзінде Мәулен Сағатханұлы қай кезде де ұлттық құндылықтарымызды қорғаудың және дәріптеудің маңызды екенін айта кетті.
«Жалпы, қай кезде де, әсіресе жаһандық ахуал шиеленіскен бүгінгідей кезеңде ұлттық құндылықтарымыз – біздің бағдар ұстайтын темірқазығымыз болуы керек. Сондықтан, бұл ретте бәрімізге маңызды міндет жүктеледі. Ол – ұлттық құндылықтарымызды барынша қорғау және дәріптеу. Әсіресе, заманауи тәсілдер негізінде оларды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды деп есептейміз. Осыған орай бүгінгі диалог алаңында жоғарыда аталған және өзге де мәселелерді кеңінен талқылаймыз. Отырысымыз мазмұнды әрі нәтижелі болады деп сенемін», - деді Сенат спикері.