"400 мыңнан астам адам ешбір дінде жоқ": Қазақстан халқының діни наным-сеніміне қатысты статистика жарияланды
Қазақстан халқының діни наным-сеніміне қатысты статистика жарияланды. Деректерді Ұлттық статистика бюросы келтірген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бюро жариялаған зерттеуде халықтың ұлттық құрамына сипаттама берілген, сондай-ақ халықтың ана тілін, басқа тілдерді меңгеру деңгейлері және діни нанымы туралы деректер келтірілген.
Сонымен, санақ қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Үлесі – 69,3 пайыз. Христиан дінін ұстанатындардың үлесі 17,2 пайызға тең. Одан кейін буддизм мен иудаизм тұр. Бірақ дінге сенбейтіндер саны 2,8 пайыздан 2,3 пайызға азайған. Бұл 2009 жылғы және 2021 жылғы ұлттық санақтардың айырма көрсеткіштері екенін ескеру керек. Елімізде 432 140 адам дін ұстанбайтынын айтып жауап қатқан.
Тағы бір ескерерлік көрсеткіш – респонденттердің өз дінін атағысы келмеуі туралы жауап нұсқасы. Мәселен, 2009 жылы елімізде дінін атап көрсеткісі келмегендердің үлесі 0,5 пайыз ғана болса, 2021 жылғы санақта бұл жауап нұсқасын таңдағандардың үлесі – 11 пайыз. Халықтың ұлттық құрамы көрсетілген кесе.
2021 жылғы санақ мәліметтерінде 5 жастан асқандардың 44,9 пайызы екі тіл білетінін, 28,6 пайызы үш тіл білетінін, ал 1,7 пайызы төрт тіл білетінін айтып, жауап берген. Деректе халықтың ұлттық құрамы да көрсетілген. Елде қазақтардың үлесі 70,4 пайыз (13 497 891 адам).
2009 жылғы санақта бұл көрсеткіш 63,1 пайызға тең еді, сонда өсім – 7,3 пайыз. Одан кейін орыс ұлты тұр – 15,5 пайыз. Алдыңғы санақта бұл көрсеткіш 23,7 пайызға тең еді, сонда кему көрсеткіші 8,2 пайыз.