Сирияда террористік топта болған Қазақстан азаматы Болгарияда ұсталып, елге әкелінді
Террористік топтың мүшесі Болгариядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Kazinform.
Бүгін Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ІІМ Интерполының қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің жәрдемімен Болгариядан Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Ол террористік топтың жұмысына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Ол радикалды діни ағымның қолдаушысы бола тұра 2015 жылы Сирия Араб Республикасының аумағына барып террористік топтың құрамына кірген.
Осыған байланысты оған қатысты тергеу басталып, халықаралық іздеу жарияланды.
Мамыр айында күдікті Болгария аумағында ұсталған.
Қазіргі уақытта Астана қаласының тергеу изоляторында қамауда отыр.
Экстрадиция Болгария тарапымен 2014 жылғы 14 қарашада жасалған екіжақты шарттың арқасында мүмкін болды.
Оған тағылған айып бойынша мүлкін тәркілеумен бірге 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.